«Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы

Бұл жоба 16.07.2019 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, «ERG Көмек» корпоративтік қоры және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асырылады.

Осы жоба нормативтік құжаттар: ҚР Президентінің «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың бас жоспарын бекіту туралы» 2018 жылғы 29 қыркүйектегі № 762 Жарлығы және ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 938 қаулысымен бекітілген Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары (60 п.) негізінде жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, жобаның іске асырылуы ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің 02.02.2019 ж. «Түркістанда құрылыс салу туралы» ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа хатында көрсетілген.

Күлтөбе қалажұрты Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімінде № 200 болып енгізілген (ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі № 88 бұйрығы) және ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген нысан - Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің буферлік аймағында орналасқан.

 

Жоба жетекшісі - Хазбулатов Андрей Равильевич, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Жобаның іске асырылу мерзімі: 2019-2021 жж.

Жобаның мақсаты - «Күлтөбе қалажұрты» ашық аспан астындағы археологиялық саябақтың ғылыми тұжырымдамасын жасау мақсатында ежелгі Күлтөбе қалажұртының тарихи-археологиялық (қазу, консервациялау және ішінара қалпына келтіру) және этноәлеуметтік-мәдени зерттеу жүргізу.

Жоба - Күлтөбе қалажұртының археологиялық, консервациялық және қалпына келтіру зерттеулеріне бағытталған. Зерттеу ішкі және сыртқы туризмді одан әрі дамытуға бағытталған ғылыми-қолданбалы сипатқа ие.

 

Күтілетін нәтиже:

Жобаның нәтижесінде заманауи археологиялық саябақтың ғылыми тұжырымдамасы жасалады және оның платформасында келешек ғылыми және ғылыми – қолданбалы зерттеу жүргізуге болады.

Жобаның ғылыми маңызы - Түркістан қаласының тарихи бастамасы болған Күлтөбе қалажұртын зерттеу негізінде Түркістан агломерациясының тарихы мен мәдениетінің белгісіз беттерін ашуға болады.