Шығармашылық одақтарға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру керек пе?

02.07.2021 15:18 194

Қолданыстағы заңнама бойынша қоғамдық бірлестіктердің құқы бірдей. Мемлекеттік идеологияға қызмет ететін шығармашылық одақтарға онда ешқандай артықшылық берілмеген. Бұл туралы сарапшылар пікірі қандай?

Андрей ХАЗБУЛАТОВ, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры:

– ҚР Президенті Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында сөйлеген сөзінде шығармашылық әлеуеттің, креативті индустриялардың терең маңыздылығын және осы бағытта жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Қазақстандық шығармашылық одақтардың қазір қоғамдық ұйымдар болып табылатындығы және мемлекеттен көмек алуға құқығы жоқ екендігі де жағдайды ушықтыруда. Дамыған елдерде шығармашылық одақтар қауымдастық түрінде қоғамдық өмірге белсенді қатысуға және мемлекеттің саясатына ықпал етуге толық құқығы бар.Бұл тұрғыда ЮНЕСКО-ның 1980 жылғы шығармашылық қызметкерлердің жағдайы туралы бастамасы қисынды және негізді. Онда осы ұйымға мүше мемлекеттер шығармашылық қызметті қазіргі қоғам өмірінің жаңа форматының негізі ретінде қарастыра отырып, адамдардың осы санатының мәртебесін
арттырып, қорғауы керектігі атап өтілді. Менің ойымша, бүгінде шығармашылық одақтардың бағыты барлық жағынан ең алдымен басқарушылық жағынан өзгеруі керек. Біріншіден, шығармашылық одақ – Қазақстанның креативті индустриясының нақты секторы мен негізі екенін нақты түсіну керек. Екіншіден, қарапайым тілмен айтқанда, шығармашылық идеялардан, жаңа өнімдер жасаудан және т.б. пайда табуға мүмкіндік беретін инновациялық орта құру қажет, яғни мәдениет пен менеджментті, өнер мен менеджментті біріктіру қажет. Үшіншіден, қандайда бір өңірде, қалада креативті кластер құру үшін одақтардың қызметіне инвесторларды, бизнесті кеңінен тарту және мемлекеттік мәдени саясаттың басымдықтары
шеңберінде әрбір одақ үшін жеке-жеке нысаналы мемлекеттік тапсырыстар/жобалар ұсыну қажет. Сонымен қатар, одақтарға мемлекеттік деңгейде жаңа мәртебе берілу керек. Бұл одақтарға елдің мәдени саясатына белсенді әрекет етуге мүмкіндік туғызады.

Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ, ҚР Суретшілер одағының төрағасы:

– Ұмытпасам қаңтардың 20-сында біз осы мәселеге байланысты Мәдениет және спорт министрлігімен меморандумға қол қойғанбыз. Бұл өте қажет. Себебі, біздегі шығармашылық одақтар кеңестік дәуірден қалған. Ол кезде мемлекет социалистік бағытта болды. Қазір нарықтық қарым-қатынасқа көшкендіктен бәрі өзгеше. Шығармашылық одақтардың жалпы саны жаңылмасам – 22 мың. Оның ішінде көлік жанашырлары да бар, ит ұстатайтындар да бар. Сондықтан олардың арасынан шығармашылық одақтарды жеке шығарып, ерекше бір статус бергені дұрыс болар еді. Ол «Мәдениет туралы» заңға да, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгерістерді талап етіп тұр. Себебі, олар мемлекеттің шығармашылық одақтарға тікелей көмектесуіне кедергі боп тұр. Қолданыстағы бұл заңдарға өзгерістер енгізіп, үкімет тарапынан шығармашылық одақтарға субсидия ма, дотация ма беріп тұра алатын жағдай жасалса дұрыс болары еді деп ойлаймын. Мәселен, қазіргі таңда кәсіби ұйым ретінде қарасақ көрме өткізу болсын және басқа болсын бас қосып, өз проблемаларымызды талқылау үшін Алматыда да, Нұр-Сұлтанда да арнайы көрме залы керек. Министрлік музейлер бұл жұмысты атқарып жатыр деп соларға сілтей салады. Ал музейдің бағыты, атқаратын шаруасы бөлек. Сосын оларда көрме өткізу үшін залға қаржы сұрайды. Қоғамдық ұйым оны қайдан көтерсін. Одақтың шамасы жетпегендіктен елімізде тәуелсіздік жылдары бірде бір жоғары деңгейдегі халықаралық фестиваль, бионали дегендер өткен жоқ, әлі күнге дейін олар бізге арман боп қалуда. Сосын республикалық мәртебесі бар қалаларда мемлекет қолдауымен заманауи суретшілердің музейі салынса, ол да артық болмас еді. ТМД елдерінің ішінде тек бізде ғана сурет академиясы жоқ. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы болсын, Нұр-Сұлтандағы өнер университеті болсын және басқа да педагогикалық жоғары оқу орындары болсын ондағы көркемсурет өнері мамандарын дайындайтын кафедра,
факультеттердің жағдайы жетім баланың халіндей. Оқу орындарының басшылары ешқашан суретші болмағасын суретшіге жағдайды ең соңынан жасайды. Сондықтан 3 маусымда Парламент Мәжілісі депутатының алдында жасаған баяндамамда жасаған ұсыныстың бірі орта мектепке сурет пәнін қайтару туралы болды. Бала әріп танымай тұрып, сөйлей алмай тұрып дүниетанымын суретпен білдіреді. Дамыған елдерде халықтың жағдайы суретшінің жағдайымен өлшенеді. Себебі, халық жақсы тұрса бейнелеу өнері туындыларын сатып алады, оған тапсырыс береді.